Мамандар олардың неден өлгенін анықтап жатыр
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағасында өлі итбалықтардың табылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Биыл 7 қарашада Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауындағы рейдтік іс-шаралар барысында Түпқараған ауданында өлі итбалықтардың ұшаларын тапты. Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасы, Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы мен тағы басқа жауапты мекемелерге жедел түрде ақпарат жіберілді», - деді министрліктің қоғаммен байланыс директоры Олжас Беркінбаев.
Оның айтуынша, 8 қарашада Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының мамандары, Түпқараған ауданының полицейлері мен тағы басқа комиссия мүшелері итбалықтар өлген жерген барды.
Бүгінде 131 итбалық өлі табылды. Ғылыми институттар мен ұйымдардың, сондай-ақ ветеринариялық бөлім қызметкерлерімен гидробиологиялық, гидрохимиялық талдаулар жасау үшін жануарлар өлген жерде су мен топырақ сынамалары алынды. Сондай-ақ гистологиялық және токсикологиялық зертханалық зерттеулер жүргізуге тіндерді, оның ішінде ішкі ағзалар алынды, - деді басшы.
Полиция қызметкерлері Каспий итбалықтарының өлу фактісін тіркеді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.