Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасында 21 медаль бар

Дастан Жұмабекұлы

Ерлер құрамасында 12 боксшы, әйелдер командасында 9 спортшы жартылай финалға шықты

фото: Аян Төлеген

Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасы Иорданияның астанасы Амман қаласында өтіп жатқан XXXII Азия чемпионатынан кем дегенде 21 жүлдемен оралады.

Кеше, Азия чемпионатының сегізінші күні рингке шыққан барлық боксшымыз жартылай финалға жолдама алды.

Әуелі ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов үндістандық Сачинді еш қиындықсыз тізе бүктірді. Оның ізін ала Нұрқанат Райыс қырғызстандық Сагын Сатыбалдыулумен кездесіп, екінші раундта жеңіске жетті. Ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар да жеңісті серияны сәтті жалғастырды. Нұрбек таиландтық Джонджохо Вирапунды 3:1 есебімен ұтса, Айбек үндістандық Навин Кумарды екі рет нокдаунға түсіріп, техникалық нокаутпен келесі айналымға шықты.

Амман қаласында алғаш рет өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбай (86 кг) да тәжікстандық Навруз Джафоевты ойсырата ұтып, кемі қола жүлдені алатын болады. Әуесқой боксқа қайта оралған аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев оңтүстік кореялық До Хён Кимды ұтты. Қамшыбек осы жеңісін анасының туған күніне арнады.

Кешкі сессияда ұлттық құрама сапынан сынға түскен екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай төрешілер шешімімен моңғолиялық Балсангийн Менгенсараннан басым түсті. Есеп – 3:2.

Қайрат Сатжанов жаттықтыратын ерлер құрамасындағы 13 боксшының 12-сі жартылай финаға жолдама алса, Өзбекстанның 10 боксшысы ½ финалға шықты.  

Әйелдер бәсекесінде де Қазақстан жеке дара көш бастап келе жатыр. Осы жолы 9 боксшымыз жартылай финалда өнер көрсетеді.  

Азия чемпионатының жартылай финалы 9-10 қарашада өтеді. Финал 11-12 қарашада болады.