Дебат 11 қарашада тікелей эфирде өткізіледі
Кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан үміткерлер дебатқа қатысады. Алайда олардың арасында қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоқ деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл 21 қазанда Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстанның президенттігіне кандидаттардың сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс пен пікірталасты өткізу күні белгіленген. Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, сайлау алындағы телевизиялық пікірсайыс пен пікірталас 11 қарашада «Хабар» телеарнасының эфирінде өтеді, - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Оның сөзін ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова нақтылады.
«Дебат кешкі сағат 20:00-де «Хабар» телеарнасында тікелей эфирден көрсетіледі», - деді ол.
Оның айтуынша, дебат 4 раундтан тұрады.
Әр раундқа сәйкес, пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасы бойынша сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жариялауға мүмкіндік беріледі.
Регламент жобасы сайлау алдындағы пікірсайысты өткізу қағидалары мен шарттарының талаптарына сәйкес келеді. Сайлау алындағы телевизиялық пікірсайыс пен пікірталасқа қатысу үшін кандитатураларды Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлау штабтары ұсынды.
Алынған мәлімет негізінде телевизиялық пікірсайысқа қатысушылардың келесі құрамы ұсынылады:
1. Әбден Қарақат Жақсылыққызы;
2. Әуесбай Нұрлан Сатыбалдыұлы;
3. Дайрабай Жигули Молдахалықұлы;
4. Қажыкен Мейрам Зекешұлы;
5. Қошанов Ерлан Жақанұлы;
6. Тұрсынбекова Салтанат Фархадқызы», - деді Анастасия Щегорцова.
Сондай-ақ ол қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың неге дебатқа қатыспайтынын түсіндірді.
Үгіт-насихатты президентікке үміткер берген құзыреттілік аясында сенімді тұлғалар жүргізеді. Бұл жағдайда сенімді тұлғалар кандидаттың атынан дебатқа қатыса алады. Себебі оған президенттікке үміткер сенім артып отыр. Біз Орталық сайлау комиссиясының бірінші отырысында Қазақстан президенттігіне үміткерлердің сайлау штабтарына сауал жібердік. Олар бізге дебатқа қатысатындардың кандидатурасын берді. Біз сенімхатты көрдік. Ол мақсатқа сәйкес келеді. Сондықтан осындай тізім ұсынылды», – деді ОСК мүшесі.
Еске сала кетсек, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.