Айдос Ербосынұлының жағдайына қатысты мәлімет жарияланды
Журналист Майкл Бенсон боксшы әлі есін жимағанын хабарлады.
Журналист Майкл Бенсон Давид Моррельмен жекпе-жектен кейін комаға түскен отандасымыз Айдос Ербосынұлының жағдайына қатысты мәлімет жариялады, деп хабарлады Vesti.kz.
«Айдос Ербосынұлы әлі ауруханада және сенбіден бері комада жатыр», - деп жазды Бенсон Twitter-дегі парақшасында.
Бұған дейін хабарланғандай, Айдос Ербосынұлы кубалық Давид Моррельмен жекпе-жекте әуелі нокдаун алып, одан кейін ауыр нокаутқа түскен болатын. Кездесуде төреші Тони Уикс осы жағдайды ескеріп, айқасты мерзімінен бұрын тоқтатып, жеңісті Моррельге берді.
Осыған байланысты былғары қолғап иесінің АҚШ-та жекпе-жегін ұйымдастырған «Suleimen Promotions» компаниясы кәсіпқой боксшының жағдайы туралы әлеуметтік желіде хабарлап, Айдос Ербосынұлының денсаулығы үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасайтынын мәлімдеді.