×

Түркістан облысында 6-сынып оқушысы қорадан өлі табылды: оқиғаға қатысты тың дерек шықты

«Сұлтанрабат» мектебінің 6-сынып оқушысы өз үйінде асылып қалған

 Халық үні 07.11.2022 | 21:45
Фото: my.ua

Түркістан облысы Төлеби ауданы Сұлтанрабат ауылында 6-сыныпта оқитын оқушы өзіне-өзі қол салып қайтыс болды. Оны бұған не жеткізгені белгісіз. Оқиғаға байланысты полиция іс қозғаған, деп хабарлады orda.kz.

Қайғылы оқиға 5 қараша күні болған. «Сұлтанрабат» мектебінің 6-сынып оқушысы өз үйінде асылып қалған.

«Қайғыдан қан жұтып отырмын. Соңғы кезде мінезінен еш өзгеріс байқамадым. Демалыста жүрген бала еді. Өзіміз жұмыста болдық. Оқушылардан, не басқа адамдардан әлімжеттік көрмеді. Сондықтан ешкімге шағымым жоқ», – дейді марқұмның әкесі сөзін қысқа қайырып.

«Сұлтанрабат» мектебінің директоры Шухрат Хасановтың Orda.kz тілшісіне айтуынша, демалысқа дейін марқұмның көңіл-күйі көтеріңкі жүрген. Білімі -орта, теріс қылығы байқалмаған.

«Отбасы – сәтсіз отбасылар қатарында. Ата-анасы ажырасқан. Әкесі басқа біреуге үйленген, анасы күйеуге шыққан. Бала үш бауырымен әкесінің қолында өмір сүрген. Мектеп ұжымы мен оқушыларының бұл өлімге қатысы жоқ», – дейді мектеп директоры.

Директор екі күннен бері тергеп-тексеру жүріп жатқанын, баланың өлімін естігенде мектеп ұжымы мен оқушылар аң-таң қалғанын айтады. «Оқиға қалай болды? Бала қалайша өзіне-өзі қол салды?» деген сұрақтардың жауабын таппай жатқанын жеткізді.

«Мектептің психологы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын жауап алу үшін полицияға шақырды. Қазір сол жақта жүр. Қылмыстық іс қозғалған. Бала туралы бар білетінім – осы. Тергеуге байланысты басқа ақпарат бере алмаймын», – дейді Хасанов.

Марқұмның әкесі учаскелік полицейлер үйіне қойылған бейнебақылау камераларына жазылған жазбалардың бәрін алып кеткенін айтады.

Түркістан облысы полиция департаменті оқушы өз үйінің ауласындағы мал қорада жіпке асылып қайтыс болғанын хабарлады. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері не болмаса басқа да дене жарақаттары табылмаған. Өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен (105-бап) қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары басталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама