Halyq Uni логотип
×

IPO-ға «ҚазМұнайГаз» акцияларының 5%-ы ғана шығарылады

Негізгі бақылау «Самұрық Қазынаның» қолында қала береді

 Ербол Тұрымбет 07.11.2022 | 18:43
IPO-ға «ҚазМұнайГаз» акцияларының 5%-ы ғана шығарылады

«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларын KASE және AIX қор биржаларында орналастыру ниетін растады.

«Самұрық Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бір акцияның құны 8406 теңге. Жалпы осы акция саудасынан 5,1 трлн теңге жинап алу көзделіп отыр. 

Акциялар саудасы 9 қарашада басталып, институционалды инвесторлар үшін 30 қарашада, жеке инвесторлар үшін 2 желтоқсанда бітеді. Сауда ашылғанда Қазақстан азаматы саналатын жеке инвесторларға басымдық берілмек. 

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Дәурен Қарабаевтың айтуынша, компанияның активі биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 32 млрд доллардан асқан. Ал қарызына келсек, 2014 жылдың соңында жалпы қарызы 19 млрд доллар болса, биыл 30 маусымдағы көрсеткіш бойынша 8,4 млрд долларды құрап отыр. 

Шетелдік инвесторлар да IPO-ға өтініш бере алады. Қайсына қандай көлемде сатылатыны бүкіл өтініш жинақталғаннан кейін шешіледі. Үкімет те, «ҚазМұнайГаз» да ұзақмерзімді тұрақты сапалы инвесторлық базаға қызығушылық танытып отыр. Онда жекелей де, институционалдық та инвесторлардың болғанын қалаймыз, - дейді ол. 

Ал акция алғысы келгендерге қандай қауіп бар дегенге келсек, 9-ы күні IPO-ның толық мәліметі жарияланбақ. Онда ҚМГ компаниясы туралы бүкіл дерек болады. Оның ішінде, қызығушылық танытқан отандық та, шетелдік инвесторлар үшін де керекті мәліметтер топтастырылмақ. Оның ішінде, компанияның өзіне қатысты мәліметтер де, сонымен қатар мұнай-газ саласына, мұнай бағасына, жалпы елімізге қатысты қауіптер туралы да сөз болады. Ол биржалар мен компанияның сайтында жарияланады.

Оған қоса, Дәурен Қарабаевтың сөзінше, ҚМГ мұнай-газ компаниясы болып қала береді. Дегенмен, жұмыс барысында қайта жаңғыртылатын қуат көздерін пайдаланатындарын да айтты. 

Компания портфелінде күн, су, жел энергиясына қатысты бірқатар жоба бар. Сонымен қатар алдыңғы қатарлы халықаралық компаниялармен бірлескен CO2-ні аулайтын жобамыз бар. Осы айтылған бастамалардың бәрі акциялар құнын ұзақмерзімді кезеңде көтереді деген ойдамыз, - дейді ол.

Айта кетейік, «ҚазМұнайгаз» ҰҚ АҚ-ның 90,42% акциясы «Самұрық Қазына» ҰК-на тиесілі. Соның 30 505 974 жай акциясын, яғни, шамамен 5%-ын саудаға шығарғалы отыр. 

Қорытындысында «Самұрық Қазынада» 85%-ы қалмақ. Қалғанын Ұлттық банк иеленіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама