«Кейбір адамдар өлімнен пайда тапқысы келді». СІМ Сеулде қаза тапқан қыз туралы айтты

Дәурен Ерболат

Корей тарапы марқұмның денесін жеткізу бойынша барлық шығынын толық өтеген

Фото: diapazon.kz

Сеулдегі (Оңтүстік Корея астанасы) Хэллоуинде қаза тапқан Мәдина Шерниязованың денесін Қазақстанға жеткізу бойынша барлық шығынды Корей тарапты өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сеулде Қазақстан азаматының қайтыс болуы (ақтөбелік Мәдина Шерниязова туралы, – автор) қайғылы жағдай болып саналады. Қазақстанның Сеулдегі елшілігімен бар күшімізді салып, тиісті жұмысты жүргіздік. Келесі күні Кореяның Сыртқы істер министрлігімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде қаза тапқан қазақстандықтың денесін Ақтөбе қаласына жеткізу бойынша барлық шығынды Корей тарапы өзі көтереді деген келісімге келдік. Мәйіт 3 қарашада Алматыға, 4 қарашада Ақтөбе қаласына жеткізілді, - деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, кейбір БАҚ-та қыздың денесі 1 қарашада жеткізілді деген тексерілмеген ақпарат жарияланған. Тіпті, кейбір адамдар өлімнен пайда тапқысы келген.

«Өкінішке қарай, кейбір адамдар өлімнен пайда тапқысы келді. Олар әлеуметтік желіде ақша жинау туралы бастама көтерген. Біз Корей тарапы марқұмның денесін жеткізу бойынша барлық шығынын толық өтегенін мәлімдейміз. Оның денесін Қазақстанға жеткізу үшін ақша жетпейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды», - деді СІМ ресми өкіл.