Харьков облысы түгел азат етілді
АҚШ Украина әскеріне Херсон жерін басқыншылардан тазалап алуға кеңес берді
Украинаның қарулы күштері Харьков облысын Ресей басқыншыларынан түгел азат етті. Бүгін оның соңғы шебі – Кременная кенті үшін ұрыс жүріп жатыр.
Луганск облысында да соғыс қимылдары күшейіп кеткен. Луганск облысы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдайдың айтуынша, әзірше жаудан босатылған елді мекендердің аттарын айтуға болмайды. Мұның жайын ол Freedom телеарнасына берген сұхбатында баяндады. Оның айтуынша, азат етілген селолардың аттарын оккупанттар естісе, сол жерлерді алыстан атқылай бастайды.
Кешеден бері Украинаның оңтүстік-шығыс өңіріндегі елді мекендер азат етіліп жатқанда АҚШ президенті Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийге хабарласып, Украинаға тағы 325 млн доллардың қару-жарақтары берілгелі жатқанын жеткізген. АҚШ Қорғаныс министрлігі бұл жолғы әскери көмектің қатарында 4 HIMARS-тан бөлек, олардың снарядтары, 105 мм калибрлі 16 гаубица мен 75 мың снаряд, 500 жоғары дәлдікті снарядтар мен 1000 оқ-дәрі бар екенін атап көрсетті.
Пентагон Украина қарулы күштеріне қыс түскенге дейін Херсон облысын оккупанттардан тазалап алуға кеңес берді. Олай болмаған жағдайда, ресейлік басқыншылар басып алған елді мекендерінде қыстап шығады. Оған жол бермеу керек. Вашингтон украин әскерлерінің бұл соғыста жеңіп шығулары үшін бар әскери көмегін аямайтынын айтты.