×

Соғыста Ресейдің мобилизациямен келген 600 жауынгері жойылып кетті

РФ бір батальон сарбазынан айырылды

 Дастан Жұмабекұлы 07.11.2022 | 16:42
фото: livekuban.ru

Украина қарулы күштерінің жауынгерлері Воронеж облысынан мобилизациямен келген 500-ден аса ресейлік сарбазды жойып жіберді. 570 адамнан 29 адам тірі қалған. Оның 12-сі жаралы. Бұл туралы «Донпресс» басылымы хабарлады.

Тірі қалған сарбаздардың бірі қашан, қайдан келгендерін, батальондарында қанша адам болғанын, бәрін айтып жатыр. Айтуынша, олар өткен түнде Луганск жерінде қырғынға ұшыраған.

Осы қырғында аман қалған әскери қызметкер Алексей Агафонов Луганск облысының Сватов ауданындағы Макеевка қаласымен түйісетін жерде нағыз қанды қасап болғанын айтып берді. Ол осы жерде 500-ден аса сарбаздың жер жастанғанын атап өтті. Айтуынша, уәде етілген «майдан шебінен 15 шақырым қашықтықтағы» далада қалып, бүкіл батальон жаумен түйісу желісіне жеткізілген. Оларға дереу окоп қазып алып, қорғаныс шебін құру тапсырылған.

Таң алдында Ресей оккупанттарын артиллериядан атқылау басталып кеткен.

Артиллериялар, ГРАД-тар, минометтер, коперлер бізді жан-жақтан атқылаудың астына алды. Осы зобалаң басталғанда, офицерлер тым-тырақай қашып кетті. Сөйтіп, соңында 570 адамнан 29-ымыз ғана аман қалдық. Тағы 12 адам жарақаттанды. Қалғандарының бәрі қаза тапты, – деді ол.

Сондай-ақ Агафонов өздері келгенге дейін дәл осы позицияда мобилизацияланғандардың кемінде екі батальоны талқандалғанын айтты. Олардың үйіліп жатқан ондаған мәйіттерін өз көзімен көріпті. Ал кеше Украина әскерлері тағы 600 оккупантты жер жастандырды.

Украина Қарулы күштерінің бас штабы Ресей армиясының қазірге дейін 75 мыңнан аса адамынан, 2 758 танкісінен айырылғанын хабарлады.

Жалпы, бүгінде Украин әскерлері Луганск облысындағы 6 елді мекенді жаудан азат еткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама