Адай жылқыларын ауыздықтаған облыс шабандоздарының жақында өткен «Ұлы дала жорығында» жеке-дара озып келгенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында өңір халқы үшін түйе мен Адай жылқыларының орны ерекше екенін атап өтті.
Маңғыстаудың табиғаты түйе өсіруге өте қолайлы екені белгілі. Қазір облыста 90 мыңға жуық түйе бар. Түйе өнімдеріне бүкіл елімізде сұраныс өте жоғары. Одан алынатын шикізатты терең өңдеу жұмысын қолға алу қажет. Бұл өнімнің түрін көбейтеді әрі оның бағасына оң ықпал етеді. Үкіметке түйе шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік шараларды күшейту мәселесін пысықтауды тапсырамын, - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол бұл салаға субсидия беру жолдарын қарастыру керектігін алға тартты. Одан бөлек, халқымыз үшін жылқының орны қашанда ерекше екеніне тоқтала келіп, Адай жылқысын Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болатынын айтты.
Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыстарында әрдайым бәйге алып жүр. Жақында өткен «Ұлы дала жорығында» облыс шабандоздары жеке-дара озып келді. Қазақтың Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан өзі оны Үкіметке ғылыми түрде асыл тұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды жедел қолға алуды тапсыратынын жеткізді.