×

Алматыдағы тергеу изолятырынан 80-ге жуық күдікті босатылуы мүмкін

3 адамның жасаған қылмысы рақымшылық жасауға жатпайды

 Динара Амантай 07.11.2022 | 11:51
Фото: 360tv.ru

Алматыдағы тергеу изолятырынан 80-ге жуық күдікті босатылуы мүмкін деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

2 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» Заңға қол қойды. Қанды қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт шерумен бірге алаңға шығып, артынан арандатушылардың торына түсіп қалғандар көп. Аталған Заң бойынша осындай қаңтар оқиғасына қатысушылардың біразы ақталып, әртүрлі деңгейде қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмақ.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жыл басында еліміздегі ең үлкен мегополис – Алматы қаласындағы №72 мекемесіне (тергеу изоляторы) қаңтар оқиғасына қатысты 563 адам қамалған болатын. Бүгінде оның 65-і жазасын өтеу орындарына кетсе, 416 адам түрлі негіздер бойынша қамаудан босатылды. Қазір тергеу изоляторында қаңтар оқиғасына қатысты 82 адам қамауда отыр. «Рақымшылық жасау туралы» заңға байланысты осы күдіктілерге қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың арасында мерзімінен бұрын шартты түрде босатылатындар мен жазасын жеңілдетуге жататындар бар. Керісінше, 3 адамның жасаған қылмысы рақымшылық жасауға жатпайды.

«Рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын қолдану үшін барлық материалдар Алматы қаласының аумақтық сотына жіберілді. Аталған Заңда террорлық, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық жасау, азаптау, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтарына қарсы қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайтыны көрсетілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама