ШҚО-дағы апат: Даниал Ахметов шұғыл түрде Риддерге барды
Қалада 22 мың үй жылусыз қалған
Риддерде жылу электр орталығы істен шығып, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов оқиға орнына барды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Риддер-ЖЭО» АҚ-ында болған төтенше жағдай бойынша шұғыл түрде штаб құрылды. 5 қараша кешкі сағат 20.00-де күл шығару жүйесіндегі жылу станциясында сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылды. Салдарынан салқындатқыштың температурасы +39 °С-қа дейін төмендеді (қалыпты температура +70 °С). Бүгінде Риддер қаласының 22 мыңнан аса абонентке жылу беру азайтылды, - деп жазды Даниал Ахметов Instagram-дағы парақшасында.
Оның айтуынша, шұғыл түрде апатты жою жөніндегі штаб құрылған.
«Ол тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ жылу станциясына Согра және Өскемен ЖЭО, «Өскемен жылу желілері» АҚ мамандары келді. Қазіргі уақытта күл шығару жүйесінде қозғалтқышты ауыстыру, іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. ЖЭО-ға қосымша 120 тонна мазут жеткізілді, отынды жөнелту жалғасуда. Апатты жағдайды жою үшін «Қазмырыш» компаниясы ЖЭО-ға 20-дан аса қызметкер жіберіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қосымша жабдықтар берді», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Өскеменнен «Востоквзрывпром» компаниясының 20 қызметкері, «Біріккен ЭнергоСервистік компаниясы» АҚ-ның 12 авариялық бригадасы көмекке келген.
«Риддер қаласының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы бұйрығымен 7-11 қараша аралығында оқушылар қашықтан оқиды. Осы уақытқа дейін қаланың мектепке дейінгі мекемелері жұмысын тоқтатады», - деді Даниал Ахметов.
Үкіметтің «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» 2014 жылғы 2 шілдедегі №756 қаулысына сәйкес, бұл авариялық жағдай жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ретінде жіктеледі.
Жағдай ерекше бақылауда.
Риддерді жылумен жабдықтауды қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр.