×

Қазақстандағы ең қауіпті шахта: 60-тан астам кенші опат болған

Қазақстандық шахталарда ресми түрде оннан астам апат тіркелген

 Халық үні 06.11.2022 | 19:40
© AP Photo / Jeffrey T. Barnes

Осы аптада Шахтинск қаласына жақын Ленин атындағы шахтада тағы метан жарылды. Бес кенші үйіне оралмады. Бесеуі де жас, біреуі ғана қырықтан енді асқан. Дәл осы шахтада бұған дейін ең ірі апат болған еді. Сол кезде 41 кенші қаза тапты. Sputnik Қазақстан тәуелсіздік жылдары шахталарда болған апаттардың хронологиясын ұсынады.

Бір жылда екі апат болды

Қазақстандық шахталарда ресми түрде оннан астам апат тіркелген. 1994 жылы Саран қаласының жанында орналасқан Ақтас шахтасында метан тұтанып, өрт шықты. Оны өшіру үшін құбырмен инертті газды жіберген. Ол құбыр үзіліп кетті. Сол кезде қауіпті газ кеншілер жүрген учаскелерге тарап, 11 адам қаза тапты.

Бірнеше айдан кейін Қарағанды қаласына жақын «Қазақстан» шахтасында метан жарылды. 14 кенші тірідей көміліп қалды.

Ленин шахтасындағы ең ірі апат

1995 жылы 24 қарашада Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Апат салдарынан 13 кенші қаза тапты. Содан он жыл бойы қазақстандық шахталарда тыныш болды, ешқандай төтенше жағдай тіркелмеді. Ал 2006 жылы сол шахтада ең ірі апат болды. 20 қыркүйек күні шахтада желдету құбырларын жөндеп жатқан. Осыған байланысты негізгі желдеткішті өшіріп тастады. Тергеу комиссиясының қорытындысына сәйкес, электрші қауіпсіздік ережелерін бұзған. Тоқты ажырататын аппаратта сыммен жалғап қойған жерлер болған. Содан желдеткіш істемеген соң, газ жинала берген. Ал тоқты қосқанда сым жалғанған жерден ұшқын шығып, метан жарылған. Сол кезде жердің астында 368 кенші жүрген.

Жарылыстың қатты болғаны сонша, қаза болған адамдардың денесі бір шақырымға ұшып кеткен. Апат кезінде 41 адам мерт болды. Кеншілерді жабық табытта жерледі.

Комиссия апатқа 22 адам кінәлі деген шешімге келді. Олардың ішінде «Миттал Стил Теміртау» АҚ-ның бірінші басшылары да бар. Алайда артынан 8 инженер-техникке айып тағылды. Алтауы сотталды.

Абай шахтасында 30 кенші қаза тапты

2008 жылдың басында Абай шахтасының кеншілері жаңа жылды тойлап, жұмысқа енді ғана шығып жатқан. 11 қаңтарда 400 метрлік тереңдікте метан жарылып, арты алапат өртке ұласқан. Сол кезде жердің астында 191 адам болды. 161 кеншіні шығарып үлгерген. Қалған 30 адам қаза тапты. Олардың ішінде 21 кеншінің денесі сол күйі табылған жоқ.

Төтенше жағдайды тергеу кезінде өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылауға жауапты екі шенеунік қызметінен айырылды.

Кеншілер күні тойланбады

2011 жылы Қарағанды облысының кеншілері төл мерекесін тойлаудан бас тартты. Себебі сол жылы Саран қаласына жақын Күзембаев атындағы шахтада екі кенші қаза тапты. Сол күні шахтада 107 адам жұмыс істеп жүрген. Кенеттен көмір мен газ атқылай бастады. Үйіндінің астында екі адам қалған.

2016 жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Саран шахтасында тағы бір апат болды. Жұмысшылар жоғарыға көтерілген кезде арбаның тросы үзіліп кеткен. Салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болды, тағы біреуі ауруханада көз жұмды. Сол кезде кабинаны монтаждаған жұмыскер, машинист және учаске бастығы кінәлі деп танылды. Үшеуі де бес жылға бас бостандығынан айырылды.

2017 жылы 31 тамызда таңғы сағат 04:21-де Шахтинск қаласында дабыл қағылды.«АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында кенет көмір мен газ атқылаған. Сол уақытта жердің астында 136 адам болған. Үшеуі қаза тапты.

Шығыс пен батыста болған апаттар

2020 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысында орналасқан "Шығыстүстімет" ЖШС Орлов өндірістік кешенінің шахтасында жарылыс жұмыстарын жүргізу кезінде екі жұмысшы қаза тапты. Тағы бір шахтер ауруханаға жеткізілді.
Жылдың соңында тағы бір қайғылы оқиға болды. 30 желтоқсанда жарылыс жұмыстары кезінде «Ақтөбе Мыс компаниясы» ЖШС-нің төрт қызметкері қайтыс болды. Өлімнің алдын ала себебі – газдан улану.

«Абай» шахтасында метан жарылды

2008 жылғы апаттан кейін Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында тыныш болған. Араға он үш жыл салып, тағы метан жарылды. Апат 2021 жылы 11 қарашада болды. 64 кеншінің 56-сы жоғарыға өз күшімен шығып үлгерген. 8 жұмысшы қалып қойды. Алтауы қайтыс болды, екі адам газдан қатты уланып қалды.«Арселор Миттал Теміртау» 100 процент кінәлі деп танылды.
2022 жылы Саран шахтасында тау-кен массасы опырылып түсті. Бір кенші үйіндінің астында қалды.

Бір шахтада 60-тан астам кенші көз жұмды

Биыл 3 қарашада Ленин атындағы шахтада дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен метан жарылды. Артынан өрт шықты. Апат салдарынан 5 кенші қаза тапты. Көбісі қырыққа да келмеген. Ең жасы 26-да болған.
Тәуелсіздік жылдары ішінде осы шахтада 60-тан астам кенші опат болды. Атап айтқанда, 1995 жылы – 13 адам, 1998 жылы – 1 адам, 1999 жылы – 3 адам, ал 2006 жылы 41 адам қаза тапты. Ленин шахтасында тәуелсіздік алғанға дейін де апаттар болды. 1978 жылы төрт кенші қаза тапты. Ал 1985 жылы тағы төрт адам көз жұмды.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі кезде Ленин шахтасы уақытша жабылды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бірақ 58 жылдық тарихы бар кен орны толығымен жабылмайды. Көмір қоры таусылмайынша істей береді.

Жалпы, тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық шахталарда 160 адам қаза тапқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама