×

Жүлде қоры – 80 мың доллар. «Дала қырандары» турнирінде бас балуандар іріктелді

Турнирдің мақсаты – жеңіл салмақтағы балуандардың үздіктерін анықтап, оларға құрмет көрсету

 Еркеғали Болатұлы 06.11.2022 | 15:00
фото: ашық дереккөз

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында «Qazaq kuresi» ассоциациясының ұйымдастыруымен «Дала қырандары» республикалық турнирі өтті.

Жарысқа еңсегей бойлы, қаптағай денелі, рухы өр, тәні бекем 64 балуан қатысты. Олар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақта белдесті.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы әрі «Qazaq kuresi» ассоциациясының президенті Самат Ерғалиев, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, жазғы Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, екі дүркін «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров, сала ардагерлері Серік Төкеев, Марат Жақыт, Диханбай Биткөзов қатысты.

Бүгінде елімізде 60, 70, 80 келі сияқты жеңіл салмақта өнер көрсетіп жүрген спортшылар көп. Олар жылдар бойы өз салмағында, жоғары бәсекелестік ортада шыңдалып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Тіпті, екі дүркін әлем чемпионы болған спортшыларымыз да бар. Дегенмен олардың танымалдығы төмен.

Бұл балуандардың қандай құрметке болса да лайық екеніне қарамастан, соңғы жылдары барлық құрмет пен марапат тек абсолютті салмақ дәрежесіндегі балуандарға бұйырып жүр. Ал мына турнирдің мақсаты – жеңіл салмақтағы балуандардың үздіктерін анықтап, оларға құрмет көрсету. Имидждік турнирдің жүлде қоры – 80 мың АҚШ доллары.

Жыл бойы өткен 5 рейтингтік турнирде төгілген тер ақталып, кешегі Балуан Шолақ, Иман Жүсіп, Қажымұқан, Жақсылық Үшкемпіровтің жалғасы дерлік қазақ күресінің мықтылары – 8 салмақтың «Бас балуандары» анықталды. Олар:

  • 55 кг. – Бекжан Төлепов (Қызылорда облысы)
  • 60 кг. – Марат Нигматуллаев (Алматы қаласы)
  • 66 кг. – Нұр Аманшүкіров (Жамбыл облысы)
  • 74 кг. – Жұмажан Қожамбеков (Шымкент қаласы)
  • 82 кг. – Айдын Дартаев (Ұлытау облысы)
  • 90 кг. – Тоқтарбек Айдарбек (Түркістан облысы)
  • 100 кг. – Мұхит Тұрсынов (Солтүстік Қазақстан облысы)
  • +100 кг. – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы).

Бұл ретте өзінің алапат қара күш иесі екенін дәлелдеген балуан «Дала қыраны» титулына ие болып, өз салмағының «Бас балуаны» атанды. Сондай-ақ оларға жеңімпаз белдігі мен 10 мың доллардың сертификаты табысталды.

Бұл 8 балуан алдағы желтоқсан айында Астана қаласында қазақ күресінен өтетін Әлем чемпионатына іріктеліп отыр. Сөйтіп, олар бәсі биік додада ел намысын қорғайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама