Жамыраса жылаған тастанды сәбилерге ешкім жоламайды (ВИДЕО)
Иісіңді иіскеп қойса, құшағыңды іздеп, ұзақ жылайтын болады
Instagram-дағы shyndykz парақшасына тастанды сәбилердің тоқтаусыз жылап жатқан видеосы жарияланды. Өкінішке қарай, оларды қолға алып, жұбатуға тыйым салынған.
Туа сала баладан бас тартса, ол сәби 2-3 ай перзентханада жатады, құжаттары реттелгенше. Онда баланы қолға алып, құшаққа басуға болмайды. Оған арнайы қарап отыратын жауапты адамдар жоқ. Тек тамағын беру, бүлдірсе, ауыстыру (көріп қалса). Ол өзімен-өзі болуды туа сала үйренуі керек. Бір рет қолға алсаң, сенің иісіңді иіскеп қойса, құшағыңды іздеп, ұзақ жылайтын болады. Ал ешкім алмаса, жылап-жылап, көнеді, - делінген жазбада.
Дегенмен қазір қоғамда нәрестесін өз қолымен өлтіріп, әжетханаға, қоқыс жәшігіне тастап кетіп жатқан қатыгез адамдардың көбейгені жасырын емес. Ал ондайдан аман қалған балалардың жағдайы – мынау. Видеоны көрген желі қолданушылары да оған бейжай қарай алмады.
«Қолымнан келсе, барлығын құшағыма басар едім», «Осы өмірде бала тастау дегенді кім бастады екен?» дегендей жанашырлық танытып жатыр көпшілік.
Ал бір дәрігер осы жайттың растығын айғақтайтын пікір қалдырды.
«Практикант болып барғанда, шыңғырып жылап жатқан баланы көтерейін дегенде, болмайды деп ұрысқан», - деді ол.