Қыста қар тазалау жұмыстарына барлығы 154 техника жұмылдырылмақ
Петропавлда жұма күні кешке басталған қар түні бойы жауған. Сенбі күні қалада боран мен көктайғақ болып, соның салдарынан қала жолдарында оннан аса жол апаты тіркелді. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлады.
Қазір Петропавл көшелерінде қар тазалайтын машиналар жұмыс істеп жатыр. Екі күнде 7 мм-ге жуық қар түскен. Коммуналдық қызметтер дереу жолдарды қардан тазартуға кірісті.
130 шақырым магистральді көшелер тазартылып жатыр. 23 техника жұмылдырылды. Тағы 19 техника тротуарлардағы қарды шығарды, 3 техника жол жиегіне көктайғаққа қарсы материал төкті. Қар тазалауға 17 техника мен 30 адам жұмылдырылды. Кешкі және түнгі уақытта барлық магистральді көшеде механикаландырылған тазалау жұмыстары жоспарланған, - деді Петропавл қаласының әкімі Руслан Анбаев.
Оның айтуынша, қыста қар тазалау жұмыстарына барлығы 154 техника жұмылдырылмақ.
«Естеріңізге салсам, қар көп жауғанда қар тазалау магистральді көшелерден басталады, содан кейін іргелес көшелер тазартылады. Жолдардың қауіпті учаскелеріне құм-тұз қоспасы себіледі. Қысқы маусымда оның қоры 2 мың текше метрді құрайды», - деді әкім.
Сондай-ақ ол облыс орталығындағы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ескерту жасады.
Өкінішке қарай, ауа райының қолайсыздығына байланысты бір тәулікте қалада 14 жол апаты тіркелді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір ауа райы нашарлады, көше көктайғақ. Сондықтан жолда мұқият болуға шақырамын, - деді Руслан Анбаев.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі кеше таңғы сағат 8-ден бері жол апаты туралы 5 хабарлама түскенін және қоңырау әлі де жалғасып жатқанын хабарлады.