×

Тоқаев жаңадан тағайындалған елшілерге бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды

 Динара Амантай 05.11.2022 | 15:20
Фото: bort_01

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңадан тағайындалған елшілерін қабылдады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшісі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі кеңейтіп, тату көршілік байланыстарды нығайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ Президент Қазақстанның Аустрия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалған Әлібек Бақаевты қабылдады.

Кездесуде Аустриямен және салалық халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастың қарқынын арттырып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше мән беру қажет екені айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңадан тағайындалған елшілеріне серіктес мемлекеттермен арадағы екіжақты және көпжақты форматтағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама