×

Аймағамбетов шәкірттері робототехникадан әлемдік жарыста жеңімпаз атанған жаттықтырушылармен кездесті

Оларға әлемнің бірқатар елдерінен оқушыларды дайындауға ұсыныстар түскен

 Динара Амантай 05.11.2022 | 14:51
Фото: t.me/oqu_agartu

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов робототехникадан Қазақстан құрамасының педагог-жаттықтырушыларымен кездесу өткізді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр робототехникадан ҚР құрамасының педагог-жаттықтырушылары Асылбек Мырзахметовпен және Нұрдәулет Досмағамбетпен кездесті. Ол әріптестерін Швейцарияда өткен робототехникадан FIRST GLOBAL CHALLENGE - 2022 әлем чемпионатындағы оқушыларының жеңісімен құттықтады.

Жаттықтырушылар чемпионатқа дайындық және Индонезия, Черногория, Исландия Перу және Ливан елдерінің өкілдерінен келесі жылы осы елдердің командаларын дайындау үшін ұсыныстар түскені туралы айтты.

Бізде робототехника қозғалысы жылдам дамып келеді. Мұндай ұсыныстардың түсуі жұмысымыздың нәтижесін, еліміздің робототехника саласындағы жоғары жетіктіктерінің көрсеткіші. Көптеген баланың осы бағытқа қызығушылығы жоғары. Мектептерде робототехника кабинеттері ашылып жатыр. Министрдің бірден балаларға хабарласып, арнайы құттықтағанына қатты қуандық. Министрліктің оқушыларды робототехникаға тартуға қолдау көрсетіп, осы қозғалысты дамытып жатқаны қуантады, - деп айтты Нұрдәулет Досмағамбет.

Айта кетсек, ұлттық құрама жаттықтырушылары Қазақстанда робототехниканы одан әрі дамытуды көздеп отыр. Министрмен бірге мұғалімдер осы бағыттағы бірлескен жұмыстарды талқылады. Асхат Аймағамбетов 2023 жылы робототехникадан ауқымды халықаралық жарысты өткізуді қолдады.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық оқушылар робототехника бойынша әлемдік жарыста рекорд орнатқаны туралы хабарлаған болатынбыз. Жас отандастарымыз 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама