Ер адам сегізінші қабаттың биіктігінен құлаған
Петропавл қаласында тұрғын үй ішіндегі лифтінің тросы үзіліп, 39 жастағы ер адам алған жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
4 қарашада Петропавл қаласының полиция басқармасына Жұмабаев көшесіндегі тоғыз қабатты үйде лифтіге күрделі жөндеу жүргізу кезінде трос үзіліп, салдарынан 8-қабаттың биіктігінен 39 жастағы ер адам шахтаға құлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті, - делінген хабарламада.
Аталған факті Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлігі (еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) бойынша тіркелді.
Бұл бап бойынша белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Оқиға орнында Петропавл прокуратурасының және полиция басқармасының жедел-тергеу тобының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Петропавлда көлік жөндеу станциясында жарылыс болып, 9 адам жарақаттанды. 16 қараша күні сағат 16:16-де «101» телефонына Гашека көшесі 8 мекенжайы бойынша орналасқан ғимараттың өртке оранып жатқаны жайында хабарлама түскен.