Азия чемпионаты: бүгін Қазақстан құрамасынан үш боксшы рингке шығады

Дастан Жұмабекұлы

Күндізгі жекпе-жектер Астана уақытымен сағат 16.00-де, кешкі сессия 21.00-де басталады

фото: ашық дереккөз

Бүгін Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасынан үш боксшы рингке шығады.

Жарыстың төртінші күні жастар арасында әлем және Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асилбек Джалиловпен қолғап түйістіреді.

Одан кейін шаршы алаңға Қазақстан чемпионы Дулат Бекбауов көтеріледі. Ол 67 келіге дейінгі салмақта түркменстандық Сапармұрат Одаевпен кездеседі.

Кешкі сессияда 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов алғашқы кездесуін өткізеді. Шымбергенов филиппиндік Маржон Пианьярмен күш сынасады.

Күндізгі сессия Астана уақытымен сағат 16.00-де, кешкі сессия 21.00-де басталады.

Әзірше биылғы додада Серік Теміржанов, Сәкен Бибосынов пен Назым Қызайбай Азия чемпионатының келесі айналымына шығып отыр.