Бүгінде еліміз бойынша 301 пилотсыз ұшу аппараттары есепке алынған
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті «Ашық сағат алаңы» аясында пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану турасындағы мәселелерге арналған жиын өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Басқосуға салалық мемлекеттік орган өкілдері мен «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ басшылары, кәсіпкерлер мен Қазақстан Ұшқышсыз ұшу аппараттары қауымдастығының жетекшілері қатысты.
ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтеповтің айтуынша, соңғы уақытта әуесқой және коммерциялық мақсаттағы аэрофототүсірілім барысында және түрлі тауарларды жеткізу және кәсіби талдау жұмыстары кезінде пилотсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданыла бастады. Дрондарды пайдаланушылардың қатары артқан сайын оларды тіркеу мен ұшу аппараттарын тиімді пайдалану ережесі туралы мәселе көтерілуде.
Қазақстанның авиация әкімшілігі ұшу аппараттарын тіркеуге алу, оларды алғашқы даярлықтан өткізу және сертификат беру, сонымен қатар халық тығыз қоныстанған қалалық аудандарда, кенттер мен елді мекендерде ұшуға рұқсатнама беру жұмыстарын іске асырады, – деді Ардақ Өтепов.
Бүгінде еліміз бойынша 301 пилотсыз ұшу аппараттары есепке алынған. 2021 – 2022 жылдары ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына 223 сертификат, авиациялық жұмыстарға рұқсат беретін 34 құжат және халық тығыз қоныстанған аудандарда ұшуға рұқсат беретін 20 құжат берілген.
Биыл Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану туралы заңнамаға бірқатар түзету енгізілмек. Оның шеңберінде ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарына жаңа талаптар да қарастырылған. Атап айтқанда, пилотсыз ұшу құрылғыларына арналған арнайы аймақ пен пилотсыз аппараттардың ұшуына шектеу қоятын аймақ енгізілмек.