Орал тұрғынының терісі астынан паразит құрт шықты
Ауру көбінесе маса шаққан кезде жұғады
Орал тұрғынынан дирофиляриоз паразиті табылды. Бұл туралы БҚО Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
Дирофиляриоз – бұрын тек зооспецификалық деп саналған гельминтоздардың бірі және соңғы уақытқа дейін бұл ауруды тек жануарлар, әсіресе, иттер жұқтырып келген. Бірақ соңғы жылдары оны адамдардың жұқтыру жағдайлары жиі тіркеле бастаған.
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, адамдарда инфекция қан арқылы жұғады. Ауру көбінесе масалардың, сондай-ақ бүрге, қан соратын жәндіктердің басқа түрлерінің шағуы арқылы беріледі. Жұқтыру көзі – үй жануарлары. Ең алдымен иттер, кейде мысықтар. Ересек дирофиляриялар жануарлардың жүрек, өкпе, қолқа және ірі қан тамырларында паразиттік тіршілік етеді. Ұрғашылары микроскопиялық мөлшердегі мыңдаған личинка-микрофилярияларды қанға бөледі. Олардың кішкентай болғаны соншалық, қан ағымы мен лимфа ағымы арқылы бүкіл денеге таралады.
Жануардың қанымен микрофилярия масаға түседі, яғни жәндік инвазияланған жануарды шаққан кезде, дернәсілдер оның іш қуысына енеді, бірақ олардың бір бөлігі масаның тұмсығында қалып қояды. Жәндік олжасын шаққанда, тұмсығындағы паразиттердің бір бөлігі оның қанына түседі. Осылайша дирофиляриоз жануардан жануарға және адамға беріледі.
Инкубациялық кезең 1 айдан бірнеше жылға дейін созылады, ол иммундық жүйеге және паразиттің даму жылдамдығына байланысты.
«Дирофиляриозды барлық жастағы адамдар жұқтыруы мүмкін. Дегенмен ит пен мысық ұстайтын, ашық су қоймалары жанында тұратын, табиғат аясына жиі шығатын адамдарда жұқтыру қаупі жоғары.
Дирофиляриоз қоздырғышын жұқтырған адамдардың 10-40 пайызында тері астында түйін пайда болады. Гельминт бірнеше ондаған сантиметр қашықтықта жүре алады, ал оның қозғалыс жылдамдығы 1-2 күнде 30 см болуы мүмкін. Паразит жүрген әрбір жаңа жерде түйін пайда болады, ал бұған дейін болған жерінде ол із-түзсіз жоғалады. Егер гельминт уақтылы жойылмаса, оның орналасқан жерінде абсцесс пайда болуы ықтимал.
Сақтану үшін репелленттерді, терезелерге арналған торларды, қорғаныс киімдерін пайдалану, үй жануарларын профилактикалық дегельминтизациялау қажет. Жәндік шаққаннан кейін қатты қышу, ауырсыну сезіліп, түйін пайда болса, дереу дәрігерге қаралу керек», - деп хабарлады ведомство.