Бас прокуратура Рамиль Мухоряповқа қатысты қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдірді
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев кәсіпкер Рамиль Мухоряповқа қатысты қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдірді
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев кәсіпкер Рамиль Мухоряповқа қатысты қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдірді.
Сенаттың жалпы отырысынан соң журналистер қадағалау органының өкіліне Мухоряповқа қатысты неге ұлтаралық араздықты қоздыру фактісі бойынша іс қозғалғанын, осыған ұқсас басқа істер бойынша неге қылмыстық іс қозғалмағанын сұрады.
«Қазір іс тексеріліп жатыр. Сараптама тағайындалған. Қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Шешім қабылдау үшін әрбір істе фактілер расталуы керек. Фактілер расталса, тиісті процессуалдық шешім қабылданады», - деді Шындалиев.
Ол заң азаматтарға бірдей екенін, әрбір факт бойынша тексеріс және дәлел қажет екенін атап айтты.
Айта кетейік, жуырда Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы (19 депутат) қазақ тіліне қатысты даулы мәлімдеме жасаған кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың үстінен Бас прокурор Берік Асыловқа шағым түсірді. Олар Қазақстанның мемлекеттік тілінде сөйлеудің «мәдениетсіздік» екенін айтып, қоғамда дау туғызған Рамиль Мухоряповқа заң аясында шара қолдануды сұрады.
Кейін Рамиль Мухоряповтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.