Екеуі де бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бұрын бірнеше рет сотталған
Алматы полициясы көлік тонаумен айналысып келген екі тұрғынды ұстады. Олар осындай 20-дан аса қылмыс жасап тастаған көрніеді.
Жергілікті тұрғын белгісіз біреулердің Volkswagen Touareg көлігінің әйнегін сындырып, ондағы мүліктерін ұрлап кеткеніне шағымданды. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1,5 млн теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында біздің бөлімше қызметкерлері ұрланған заттарды сатып алушылар мен күдіктілердің ізіне түсті. Олардың ауданымызда 10, қалада 20-дан аса қылмыс жасағаны анықталды. Ұстау кезінде ұрланған заттар тәркіленді», – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Екі күдікті де бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бұрын бірнеше рет сотталған болып шықты. Қазір уақытша ұстау изоляторына қамалған олар қылмыс жасағандарын толық мойындап отыр.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.