Еліміздің ең үздік 50 ғалымы 6 миллион теңгеден сыйлық алады
«Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығына ізденіс конкурсы жарияланды
Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайынғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығына ізденіс конкурсын жариялады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, байқаудың қорытындысы бойынша еліміздің үздік ғалымдарына 50 сыйлық тағайындалады. 1 сыйлықтың мөлшері 2 мың АЕК (6 126 000 теңге) құрайды.
Конкурстың мақсаты – отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің еңбегін көтермелеу. Оған қатысуға өтінімдер министрліктің scicontest2022.iac.kz ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта 3 желтоқсанға дейін қабылданады.
Үміткерлердің ғылыми жетістіктері ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, ғылыми жарияланымдары мен монографияларының болуы, ғылыми жобалар мен бағдарламаларға басшылық жасау сияқты критерийлер бойынша бағаланады.
Бұл ретте үміткер соңғы жылы университетте кемінде бір пәнді жүргізіп, сондай-ақ соңғы 3 жылда философия докторы (PhD) немесе сала докторы ғылыми дәрежесі бар кадрларды даярлауы және ғылыми зерттеулердің сапасын, нәтижелілігін және әсерін арттыруға бағытталған қоғамдық жұмысқа қатысуы міндетті. Сонымен бірге байқауға қатысушы ғылыми әзірлемелерінің өндіріске енгізілуі бойынша нәтижелерін ұсынуы қажет.