×

Орталық сайлау комиссиясы депутат Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтатты

Бұған дейін ол Мәжілістен кететінін мәлімдеген еді

 Қымбат Елтайқызы 25.02.2022 | 15:30
коллаж: Halyq Uni

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

2022 жылғы 25 ақпанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, «Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы» қаулы қабылданды. 

Конституцияның 52-бабына, «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы конституциялық заңның 24-бабы 3 әрі 8-тармақтарына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы қаулы етті:

  1. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін.
  2. Мәжіліс депутаты Д.Назарбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Мәжіліске енгізілсін.

Бүгін ол Мәжілістен кететінін мәлімдеген болатын.

Бүгін мен Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігімді тоқтатып, әлеуметтік-гуманитарлық, мәдени-қайырымдылық шараларға толықтай жұмылу туралы шешім қабылдадым, – деген еді ол.

Бұған дейін Дариға Назарбаева еңбек демалысында және коронавирустан кейін оңалту курсын алып жатқаны айтылған болатын. Бұл ақпаратты экс-депутаттың көмекшісі Жанна Ермакова растаған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама