«АрселорМиттал Теміртау» шахтасында 4 жұмысшы көз жұмды
Төтенше жағдай 3 қараша түнгі сағат үш кезінде болған
Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада төтенше жағдай болып, 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Төтенше жағдайлар министрлігі ақпаратты растады.
«Қолда бар алдын ала ақпарат бойынша 3 қарашада шамамен түнгі сағат үште Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Ленин атындағы шахтасында газды дренаж скважиналарды бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде газдың шығуы салдарынан 4 жұмысшы қайтыс болды», - деп хабарлады ТЖМ баспасөз хатшысы Руслан Иманқұлов.
Тағы бір жұмысшыны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 4 адам ауруханаға жатқызылды.
106 қызметкер оқиға орнынан эвакуацияланды.
Министрліктің хабарлауынша, аварияның мән-жайын анықтау үшін тергеу жөніндегі комиссия құрылып жатыр.