Бостандыққа шыққан Жанболат Мамай күтпеген мәлімдеме жасады

Халық үні

Маған тағылған айыпты мен мойындаған емеспін және мойындамаймын да, дейді ол

фото: видеодан скриншот

Қоғам белсендісі, тіркелмеген Демократиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай үйқамаққа шығарылды. Сот оның бұлтартпау туралы шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген. Бүгін кешке оны изолятор алдынан жақындары, жақтастары қарсы алды. 

Оппозициялық саясаткердің үстінен  қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот 7 қарашада №2 Бостандық аудандық сотында өтетіні де белгілі болды.

«Сіздерге көп рақмет! Бұл мен үшін күтпеген жаңалық болды. СИЗО-дан шығып, үйге баруға еш дайындалмаған едім. 8 жарым айымды камерада өткіздім. Аяқ астынан бостандыққа шығасын деп қағаз алып келді. Сіздерге алғысым шексіз! Бұл – тек қоғамның жеңісі деп ойлаймын. Бұл – толық бостандық емес. Үйқамаққа ауыстырылдым. Егер қоғам наразылық білдіріп, халықаралық ұйымдар қолдау білдірмесе, бүгінгі жағдай орын алмас еді. Маған тағылған айыпты мен мойындаған емеспін және мойындамаймын да. 8 жарым айдан бері мен саяси себеппен түрмеге қамалдым. Денсаулығым өте жақсы. Оған қатысты ешқандай арыз-шағымым жоқ. Бүгінге дейінгі әлемге деген менің терезем жұбайым мен қорғаушыларым болды. Сотта шындықты дәлелдеп күресуге мен дайынмын», - деді Жанболат Мамай. 

Жанболат Мамайға заңсыз митинг ұйымдастырды, полицияға тіл тигізді, жалған ақпарат таратты деген айыптар тағылған. Жуырда Жанболат Мамайға тағылған «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген айып «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабымен ауыстырылған. Белсендінің жұбайы, журналист Инга Иманбай билік мұндай қадамға халықаралық қысымнан кейін барды деп санайды.