Қазақстан спортшылары бірнеше халықаралық турнирге қатысып жатыр
Теннисші Зара Дәркен Италияның Соларино қаласында өтіп жатқан ITF World Tennis Tour W15 жарысының іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті.
Ол бірінші айналымда итальян Джорджи Паттиді 6:1, 6:2 есебімен жеңіп, іріктеу кезеңінің финалында тағы бір жергілікті теннисші Камилла Лерволинодан 6:1, 6:4 есебімен басым түсті.
Енді негізгі кезеңнің алғашқы айналымында Ақтөбе теннис мектебінің түлегі 25 жастағы Ұлыбританияның спортшысы Абигейл Амоспен кездеседі. Осылайша, 15 жастағы Зара Дәркен алғаш рет жас болса да ересектер арасында өтіп жатқан турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды.
Тағы бір айтатын нәрсе, Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Анна Данилина АҚШ-тың Форт-Уорт қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирін сәтті бастады.
Ол бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Пэм Шрайвер тобында алғашқы кездесуін Габриэла Дабровски (Канада) – Джулиана Ольмос (Мексика) жұбына қарсы өткізді.
Бірінші партияда Анна мен Беатрис қарсыластарынан 7:5 есебімен басым түсті. Қазақстандық-бразилиялық жұп екінші сетте бірде-бір гейм берген жоқ. Есеп – 6:0.
Бұл турнирде әр топтан екі үздік жұп плей-офф кезеңіне жолдама алады. Сонымен бірге Қазақстандық теннисшілер Сандуғаш Кенжебаева мен Жанель Рүстемова жұптық сында Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан ITF W15 турнирінің ширек финалына шықты.
Жүлде қоры 15 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың алғашқы айналымында қазақстандық жұп түркиялық Нехир Доган – болгариялық Эмма Фантусиспен кездесті.
Кенжебаева мен Рүстемова тартысты бәсекеде қарсыластарын 4:6, 6:0, 10:4 есебімен ұтты. Қазақстандық жұптың ширек финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Қазақстандық теннисшілер жекелей сында да сәтті өнер көрсетуде. 17 жастағы Аружан Сағандықова іріктеу сайыстарының финалында швециялық Нора Свенсонды 6:2, 7:6 (7:3) есебімен ұтса, 18 жастағы Жанель Рүстемова словениялық Брина Сулинді 6:3, 6:4 есебімен жеңді. Енді олар негізгі додада күш сынасады.