×

Шетелге бала алып шығатын азаматтарды бақылау күшейеді

Адам саудасына қарсы күресті үйлестіретін уәкілетті орган құрылуы мүмкін

 Динара Амантай 02.11.2022 | 14:27
Фото: aktobenews.kz

Қазақстанда адам саудасымен күресті күшейту үшін арнайы заң қабылданып, кәмелетке толмаған балаларды шетелге алып шығатын адамдарды бақылау қатаңдайды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Астанада өтіп жатқан құқықтық форумның кулуарында мәлімдеді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазіргі заңнамада онсыз да бөгде адам кәмелетке толмаған баланы ата-анасының сенімхатынсыз шетелге алып шыға алмайды. Ендігі заң бойынша біреудің баласын шетелге алып шығып бара жатқан адамның қандай мақсатпен кетіп бара жатқанына қарайтын боламыз. Кейде қолдан жасаған құжат бойынша немесе халықаралық шараға апара жатырмын деген жалған желеумен баланы шетелге алып шығатын жайттар кездеседі. Кейін ондай баланы елге қайтару біз үшін қиынға соғады. Өйткені шатасу болады дегендей. Міне осы жерде адам саудасының құрбандары болуы мүмкін, - деді министр.

Бұған қоса ведомство басшысы адам саудасына қарсы күресті үйлестіретін уәкілетті орган анықталмайынша жүйелі жұмыс жүргізу мүмкін емес екендігіне назар аударды.

Болашақ құрбанның басындағы қиындықты немесе оның осал тұсын пайдаланып, алдау арқылы сыртқа алып шығады. Осы жерде біз сақтық танытуымыз керек. Яғни, біз баланы алып шығып бара жатқан адамның кім екенін, қайда және қанша мерзімге кетіп бара жатқандарын, сапар мақсатын анықтауымыз керек. Яғни алдын алу шараларына көбірек көңіл бөлінеді. Осы қызметтің бәрін үйлестіретін орган керек, - деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркиядағы қыздар медресесіне күштеп берілген қазақстандық жасөспірім елге қайтарылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама