Меморандумның басты мақсаты – өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және оның тартымдылығын арттыру
Бүгін Ұлытау облысының әкімдігі мен «Kazakhmys Holding» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай және «Казцинк» компаниясының басшысы Александр Хмелев арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты.
Бұл маңызды меморандумдардың басты мақсаты – Ұлытау өңірінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және оның тартымдылығын арттыру.
Қол қойылған меморандумға сәйкес, «Kazakhmys Holding» Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданында жалпы сомасы 35 млрд теңгеге 22 жобаны іске асыратын болады. Атап айтқанда, 2024 жылға дейін өңірде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жезқазған қаласында музыкалық драма театры мен балабақша, тұрғын үйлер, Сәтбаев қаласында емхана мен жарақат пункті және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салынады.
Өз кезегінде «Казцинк» компаниясымен меморандум аясында Жәйрем кентінің әлеуметтік-экономикалық дамуына 600 миллионға жуық қаражат бөлу көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары Жәйремде спорт кешенін салу қарастырылған.