×

Кореяда қаза тапқан қазақ қызының денесі Алматыға жеткізіледі

Осы елде тұратын отандастарымыз Мәдина Шерниязованың отбасына 8 мың доллар жинап берді

 Дастан Жұмабекұлы 02.11.2022 | 11:59
фото: instagram парақшасынан

Оңтүстік Кореяда Хэллоуин мерекесі кезінде қаза тапқан Мәдина Шерниязованың денесі 3 қарашада Алматыға жеткізіледі.

Бұл туралы Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі хабарлады.

Қазақстандық дипломаттар Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрлігінің көмегімен қажетті құжаттарды рәсімдеу процедурасын жеделдетті. Елшіліктегі дипломаттардың айтуынша, әдетте бұл рәсімге кемінде 10 күн уақыт қажет.

Табытты сақтауға, тасымалдауға кеткен барлық шығынды Корея үкіметі өтейді. Туыстарының өтініші бойынша Мәдинаның жеке заттары да Қазақстанға жеткізіледі, –  делінген хабарламада.

«Хабар 24» арнасының мәліметіне қарағанда, қайтыс болған магистранттың достары оның отбасына көмектесу үшін қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Кореяда тұратын отандастарымыз 11 млн воннан астам қаражат жинап берді. Бұл шамамен 8 мың доллар. Қаржы жерлеуді ұйымдастыруға жұмсалады.

Сеулдегі қайғылы оқиға 29 қазанда Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде болған еді. Онда 156 адам қаза тапты. Оның 26-сы шетелдік азаматтар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама