×

Маңғыстауда сары май мен қанттың шекті бағасы бекітілмек

Тиісті қаулы жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланған

 Динара Амантай 02.11.2022 | 11:33
Фото: amp.hvylya.net

Маңғыстау облысында қант пен майдың шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағасын белгілеу жоспарланып отыр деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшерін бекіту туралы» Қаулы жобасына сәйкес, өңірде сары май (тұзсыз, майлылығы 72,5%-дан кем емес, қоспасыз және өсімдік майысыз) 4360 теңгені құрайды. Ал қант келісінің құны 507 теңге болмақ. Бөлшек саудагерлер ұйғарым бойынша 30 күн ішінде көрсетілген бағадан аспауы керек.

Айта кетсек, сары майдың рұқсат етілген шекті бағасы биыл екінші рет енгізіліп отыр. Сәуір айында әкімдік сары майдың бағасын 3744,5 теңге деп бекіткен. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қаңтарда сары май 3162 теңге, сәуірде 3943, мамыр-тамыз айларында 4061 теңге болды. Қыркүйек айында баға 4270, қазан айында 4360 теңгеге дейін көтерілді.

Сондай-ақ елімізде бір жылда қант 87 пайызға қымбаттады. Қант қаңтарда 290 теңге болса, қазан айында 499 теңге болды.

Кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, қазір Маңғыстау облысында пияздың шекті рұқсат етілген бағасы – 202 теңге. Ол 5 тамызда 90 күн мерзімге орнатылды. Картоптың бағасы – 261,5, ас тұзы («Экстрадан» басқасы) 60 теңгені құрады, ол 7 желтоқсанға дейін сақталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама