×

Жемқорлық қылмысы қай мемлекеттік органдарда жиі тіркеледі?

Елде жемқорлық дерегі көбейіп, ұсталғандардың саны азайған

 Дәурен Ерболат 02.11.2022 | 10:59
Фото: Halyq Uni

2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстанда 1,6 мың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелді. Бұл былтырмен салыстырғанда 11,1%-ға артық деп хабарлады Energyprom.kz.

Ең көп сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы Қарағанды ​​облысында тіркелді: 207 дерек, бір жылда 3 есе өскен. Кейін тізімде Астана (144 дерек, бір жылда 2,9% өскен) және Шымкент (129 дерек, 25,2% өскен) қалалары тұр.

Ең аз құқықбұзушылық жаңадан құрылған облыстар – Ұлытауда (2 дерек), Абайда (9 дерек) және Жетісуда (15 дерек) тіркелді.

Қылмыстың басым бөлігі ауыр – 1,1 мың іс. 342 дерек орташа ауырлық дәрежесіне, 69 дерек жеңіл дәреже, 25 дерек ерекше ауыр санатқа жатады.

Пара алу барлық сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығының 28,7%-ын құрады: 449 дерек. Өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға аз.

Жиі жасалатын қылмыстың қатарында пара алу (424 дерек,бір жылда 10,7% артқан) және алаяқтық (280 дерек, 2 есе өскен). Кейін лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану (112 іс, 6,7% азайған), сондай-ақ басқалардың сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе жымқыру (98 дерек, 30,5% азайған).

Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотқа тартылғандар саны – 639 адам. Бұл былтырмен салыстырғанда 13,5%-ға аз.

Мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық қылмысын көбінесе әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері жасайды: 118 адам, бір жылда 9,2% азайды. Кейін тізімде ішкі істер органдарының қызметкерлері (112 адам) және Қаржы министрлігінің қызметкерлері (39 адам) тұр.

Сондай-ақ жыл басынан бері 5 әкім, 1 судья, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 7 қызметкері, прокуратураның 2 қызметкері де жемқорлықпен ұсталды.

Айта кетейік, биыл қарашадан бастап жемқор шенеуніктерден тәркіленген ақша мектеп құрылысына бағытталады. Бұл – шамамен 100 млрд теңге.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама