Елде 4,3 млн тонна көмір және 88 мың тонна мазут бар
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр селекторлық режимде 2022-2023 жылғы жылыту маусымын өткізу мәселелері бойынша кеңес өткізді деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет үйінде Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жылыту маусымы барлық өңірде басталып, тұрақты өтіп жатыр. Еліміздің электр станцияларында 5 энергоблок, 42 қазандық және 31 турбина жөнделді, 4,3 млн тонна көмір және 88 мың тонна мазут бар. Бұл нормативтерге сәйкес келеді.
Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үйлер қыс мезгіліне дайын. Автономды қазандықтарға қажет отын қоры жиналды.
Кеңесті қорытындылай келе, Роман Скляр әкімдіктерге жеткізілген отын үшін коммуналдық қызметтер мен энергия көздері үшін дебиторлық берешекті төмендету бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «ҚТЖ» ұлттық компаниясымен бірлесіп, оңтүстік өңірлердегі энергия көздеріне отынды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуі қажет.