Зәбір көрсетушіге қатысты «Қинау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйел әділдік іздеп жүр. Алматылық Арайлым Жексембекова бұған дейін әлеуметтік желіде нашақор күйеуінің ұрып-соғатынын, «өлтіремін» деп қоқан-лоқы көрсететінін айтып, араша сұраған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Алайда екі балалы ананың мәселесіне ешкім назар аудармай отырған көрінеді. «Өзімнің және балаларымның өмірі үшін қорқамын» дейді жас ана. Арайлым Жексембекова жолдасымен небәрі 1 жылға жуық отасқан. Мамыр айында күйеуі алғаш рет оған қол көтеріп, есінен танғанша ұрыпты. Содан кейін ол әдетке айналды дейді. Көп ұзамай жолдасының есірткі пайдаланатынын білген Арайлым полицияға арыз жазған. Алайда, зәбір көрсетуші тек 5-10 күнге қамауға алынады дейді ол.
«Жүкті болғаныма қарамастан ол менің ішімнен теуіп, суға батыруға тырысты. Үйде байлап ұстады. Істемегені жоқ. Жұбайым қарсы болғанымен, сот арқылы ажырастық. Бірақ ол мені аңдып, қоқан-лоқы көрсетуін тоқтатқан жоқ. Жақында ғана босандым. Қазір, тіпті, үйден шығуға қорқамын», -дейді жәбірленуші Арайлым Жексембекова.
Зәбір көрсетушіге қатысты «Қинау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның ақыл- есінің дұрыстығын анықтау үшін сараптама тағайындалды. Бірақ бұл істің тым ұзап кеткені Арайлымды алаңдатып отыр.
«Бұрынғы жұбайымның полиция қызметкерлері мен медицина саласындағы қызметкерлер арасында таныстары бар. Оның ақыл-есінің дұрыс еместігі анықталса, түрмеге отырмайды. Ол кез-келген медициналық қорытындыны жасатып алуға қауқарлы. Іс қашан аяқталатынын да ешкім айтпайды. Полиция қызметкерлері бейғам, тіпті, бұрынғы жұбайымның тарабын қолдап отыр»,- дейді келіншек.
Ал полицияның жауабы қысқа. «Барлығы заңға сәйкес жүріп жатыр»,- дейді.
«Соталды бірыңғай тізілімінде ҚК 110 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда процессуалды кодекспен көзделген барлық тергеу амалдары жүзеге асырылуда. Кінәлі азамат міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады», -дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Заңгерлер отбасылық зорлық-зомбылықтың жазасын қатаңдату қажеттігін айтады. Мәселен, айыппұлдың орнына тәртіптік жұмысқа тартуды қолдайды.
«Қазіргі таңда отбасылық зорлық-зомбылық күннен күнге өршіп жатыр. Оның басты себебі – ерлі-зайыптылардың арасындағы құқықбұзушылық өте төмен дәрежеленген. Яғни, ол үшін тек әкімшілік жаза қолданылады. Ондай азаматтарды кешірудің керегі жоқ. Бір рет қол көтерген адам жазасыз қалса, екінші рет те қол көтеруі мүмкін», -дейді заңгер Ғабит Өмірбеков.
«Сондай-ақ егер жәбірленушілердің полиция мамандарының жұмысына көңілі толмаса, олар прокуратураға шағымдануға құқылы» дейді заңгерлер.