×

Талғар ауданының тұрғындары майшам жағып отыр

Талғар ауданына қарасты Нұрай ықшамауданының азаматтары қас қарайса, майшам майлауға кіріседі

 Халық үні 02.11.2022 | 00:45
Фото: Almaty. tv

200 үй жарыққа жарымай отыр. Талғар ауданына қарасты Нұрай ықшамауданының азаматтары қас қарайса, майшам майлауға кіріседі. Он жылда оңалмаған жарықтың жайы мұндағыларды әбден мезі еткен, деп хабарлайды Almaty. tv.

Жаңалық ауданына қарайтын бұл ауылдың тұрғындары жарық, жол, жылу мен суға жарымай отыр. Күні бойы ақау болмай, кеш қарайса қызметі бұзылатын электр қуаты елдің наразылығын тудырды. Бұған дейін тиісінше арыз жолдап, сұрау салдық деген азаматтар тыңдар құлақ табылмаған соң жолды жабуға да мәжбүр болған. Бірақ жауаптылар жаттанды сөзден әлі арылмапты.

«Осыдан 6 ай бұрын мына ТП-ны алып келіп, қойды. Оны да басқа ауылдан ұрлағандай қылып қойдық. Соны да қоса алмай отырмыз. Өйткені, жоғары жақтан ақша бөлінбейді.  Ал бөлінген ақшаны 2 айдан бері іске асыра алмай отыр», – деді Нұрай ықшамауданының тұрғыны Жанат Нұрқалимов.

«Өшіп қала береді. Бұл жерде жел өте қатты тұрады. Бағаналар  құлайды, линиялар үзіледі. Бірақ бағана дейтіндей де емес, көп үйде тақтай қағып қойған», – деді Нұрай ықшамауданының тұрғыны Сәрсенкүл Дәулетова.

Мыңнан аса адамы бар ауылда екі трансформатор бар. Оның біреуі жұмыс істемейді. Тұрғындардың өзі тұрғызып алған ағаш бағаналар да құлаудың аз алдында.

«Халық әбден ашынып, тығырыққа тірелді. Суы, жарығы жоқ, жолдың түрін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Осындай жағдайда халық қайтіп тұруы керек? Ашынбай не істейді», – деді  Жаңалық ауылының тұрғыны Шынар Сүлейменова.

«Жол деген адам көргісіз. Балаларымызды мектепке апару өте қиын. Ең бастысы жарық мәселесі ғой. Өшіп қалады, техникамыз сынады, сабақ оқыта алмаймыз», – деді Нұрай ықшамауданының тұрғыны Гүлнәр Әлиасқарова.

Елдің алды келгелі он жылдан асқан. Мұнда су мен жолдың жайы да жақсармай тұр. Жарық - ауылдың негізгі көшесінде ғана. Қысқасы, аудан орталығынан 30 шақырымдағы ауыл өркениеттен шет қалған.

Мұнда мектеп те жоқ. Көрші ауылға оқуға баратын жолдың өзі 5 шақырым. «Ақ қар, көк мұзда, күннің қараңғысында адамдар негізгі жолға шығудың өзі мұң» дейді. Әзірге ауылда мектеп салу жоспарда жоқ. Ал жарық мәселесін әкім біржақты етуге уәде берді.

«Қазір екінші трансформаторды қосқаннан кейін жарық мәселесі шешілді. Алыс тұрғаннан токтың қуаты аз болады да, екінші трансформаторды қосамыз. Бір ай шамасында қосады», – деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манабаев.

Көпшілік құрғақ сөзге сенуден қалған. Дегенмен, округ әкімі бір айда ауыл жарықпен қамтамасыз етіледі деп уәде берді. Ал мектеп салу әзірге жоспарда жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама