Ақтау портының Үндістан – Парсы шығанағы елдері – Иран – Қазақстан – Ресей бағытындағы торапқа айналуға әлеуеті зор
Премьер-министр Әлихан Смайылов бейнебайланыс режимінде өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысында сөз сөйледі.
Оның айтуынша, ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл Үкімет жұмысының басымдықтарының бірі болып қала береді.
Пандемия мен басқа да сын-қатерлерге қарамастан, ШЫҰ кеңістігінде дамудың айтарлықтай жоғары динамикасы сақталып отыр. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық өсу қарқыны 4-тен 9%-ға дейін ұлғайды, ал Қазақстан мен ШЫҰ елдері арасындағы жиынтық тауар айналымы 22%-ға өсіп, 51 млрд долларды құрады.
Әлихан Смайылов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үйлестірілген шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалана отырып, бұл іске үлес қосуға дайын. Мұнда маңызды қадам селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу болады. Бұл ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, мемлекеттеріміздің ғылыми селекциялық орталықтарын кооперациялауға жол ашады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсер етеді, — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар премьер-министр күш-жігерді біріктіріп, перспективасы бар көлік-транзит дәліздерін дамытуға шақырды.
Ақтау портының Үндістан – Парсы шығанағы елдері – Иран – Қазақстан – Ресей бағытындағы торапқа айналуға әлеуеті зор. Қазіргі жағдайда Транскаспий көлік дәлізінің Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы транзиттік ағындарды қамтамасыз етудегі рөлі де артып келеді. Осы бағыттың мүмкіндіктерін бірлесіп іске асыру жүктердің тұрақты көлемінің болуы мен үздіксіз тасымал көлемін қамтамасыз етеді, — деді ол.