Олар ақшаның басым бөлігін жұмсап үлгерген
Абай облысы Жарма ауданында «Қазпошта» бөлімшесінен ақша ұрлады деген күдікпен 2 адам ұсталды деп хабарлады Polisia.kz.
19 қазанда 102 нөміріне «Қазпошта» бөлімшесінің кассирінен белгісіз адамдардың металл есікті бұзып кіріп, 95 мың теңге зейнетақы мен 7 сәлемдемені алып кеткені туралы шағым түскен.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, қылмыс болған жерді мұқият тексерді. Полицейлер бір тәулікте жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бұрын сотталмаған 2 тұрғынды анықтады. Олардан ұрланған 22 мың теңге тәркіленді. Қалған ақшаны жұмсап үлгерген, - деп жазылған хабарламада.
Ұсталғандар ауылда зейнетақы берілетінін алдын ала біліп, ұрлық жасағанын айтып, кінәларын мойындады. Күдіктілер қамауға алынды.
Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі («Ұрлық») бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр