Келесі жылдан бастап студенттерге 2-3 пайызбен несие беріледі
Кредитті оқу ақысын төлеуге ғана алады
Келесі жылдан бастап студенттер оқу ақысын төлеу үшін банктерден 2-3 пайызбен несие ала алады. Бұл туралы бүгін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Үкімет отырысынан соң журналистер министрден оқу ақысын төлеуге 2-3 пайыздық несие қашан берілетінін сұрады.
Келесі жылдан бастап беріледі. Қазір біз қаржыландыру және несие алу моделін мұқият зерттеп жатырмыз. Несиені екінші деңгейлі банктер береді. Студент өз атына 2-3 пайызбен рәсімдей алады, – деді Саясат Нұрбек.
Сонымен бірге, ол Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде талантты, көшбасшылық қасиеттері бар мамандардың арасынан менеджерлер резервінің құрылатынын айтты.