Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында cапасыз жол 50 жылдан кейін бір-ақ жөнделіп жатыр

Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге

 Еркеғали Болатұлы 01.11.2022 | 12:25
Қарағанды облысында cапасыз жол 50 жылдан кейін бір-ақ жөнделіп жатыр
фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жол сапасын жақсарту туралы тапсырмасынан кейін Қарағанды облысында 50 жыл жөндеу көрмеген тасжолдың құрылысы қолға алынды.

Айта кетсек, Осакаров ауданы мен Молодежный кенті арасында ондаған елді мекен бар. Осы ауылдардың халқы жылдар бойы жол азабын тартып келген. Астанадан Қарағандыға, Қызылордадан Павлодарға қатынауға болатын бұл 80 шақырымдай жолмен тәулігіне 2 мыңға жуық көлік жүреді.

Үшінші санатты жолды жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталған. Сол кезде 53 шақырымы орташа жөндеуден өткен еді. Енді құрылыс жұмыстары 2023 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бұл жолдың техникалық регламентке сай келмеуі соңғы уақытта өткір мәселеге айналып, тұрғындар тарапынан көп көтерілген болатын. Күні бүгінге дейін бас-аяғы 28 шақырымы жөнделді. Қалған 43 шақырым жолдың техникалық жағдайы 3-санатты талапқа сай келеді, - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Владимир Ким, тілшілерге берген жауабында.

Қазір мердігерлер құрылыс сапасына 5 жыл мерзімге кепілдік беріп отыр. Айтуларынша, бұл іске 200-ге жуық адам мен 100-ден аса техника тартылған. Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге.

Дерекке сүйенсек, биыл Қарағанды облысы бойынша 1 200 шақырымға жуық жол жөнделген. Оның 350 шақырымнан астамы облыстық маңызға ие. Барлық жоспарланған міндеттерді іске асыру үшін жол-құрылыс маусымында 3 мың техника мен 60-қа тарта асфальт зауыты жұмылдырылған. Ең бастысы, 5 мыңға жуық адам жұмысқа тартылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама