Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару: Болат Көжеков неге қайта Жетісайға көшіп бара жатқанын түсіндірді

Самат Жақып

Жалпы соңғы бірнеше жылда солтүстіктен түрлі себеппен 600-ге жуық адам туған жеріне қайта көшіп кеткен.

коллаж: Halyq Uni

Елімізде соңғы төрт жылда халықты нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асты. Мақсат - солтүстік аймақты қазақыландыру және тұрғындары тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден азаматтарды теріскейге жұмысқа орналастыру. Бұл - ерікті көші-қон бағдарламасы. 2017-2021 жылдары оны жүзеге асыруға ел қазынасынан 19 млрд 607 млн теңге қаржы бағытталды. Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысында әр ауданда қоныс аударушыларға деп жаңадан жаппай үйлер тұрғызылды. Дегенмен, олардың дені бұл баспаналарда тұрғысы келмейді.

Жетісай қаласынан Солтүстікке жақсы өмір іздеп келген жандардың бірі - Болат Көжеков. Ол отбасымен былтыр Тимирязев ауданының орталығына қоныстанды. Сақылдаған сары аязда баспанасын жылыта алмаған соң, үйдің қабырғалары бүліне бастаған. Болат базынасын әкімдікке талай рет айтқан. Бірақ, әкімдік өкілдері оны үнемі «құр сөз, құрғақ уәдемен» шығарып салып отырған. Әбден қажыған, өтініші орындалмаған Болат отбасымен бірген келген жеріне қайта көшіп бара жатыр.

Жалпы соңғы бірнеше жылда солтүстіктен түрлі себеппен 600-ге жуық адам туған жеріне қайта көшіп кеткен.

«Баспана сапасыз, төбесінен су сорғалайды. Қыста еденнің асты қарға толып қалады. Үйімізді сол күйі жылыта алмадық. Тіпті ол үшін электр плитасымен пайдаландық. Бұл масқара емес пе? Оны тегін алған жоқпыз. Көшіп барғанда әкімдіктегілер жұмысқа орналастырамыз деп уәде берген еді. Бірақ сөзінде тұрмады. Ол жақта бала-шағамды қалай асырауым керек? Үйді тапсырып, кері қайттым. Қазір екі балам интернатта қалды. Енді соларды алып келуім қажет», - дейді Болат Көжеков.

ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРҒА АРНАП САЛЫНҒАН 200 ҮЙ БОС ТҰР

Былтыр мемлекет басшысы қоныс аударушылырға сапасыз үй салғаны үшін Айыртау мен Есіл аудандарының әкімін қызметінен босатқан еді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы және тағы бес ауданның әкімі жауапкершілікке тартылды. Бірақ бұл жергілікті шенеуніктерге әлі де сабақ болмады. Мәселен, бюджет қаржысына сатып алынған 1 мың үйдің қазір 200-і қаңырап бос тұр. Қатты аязда жылытылмады, пеші жағылмады. Пайдаланылмай жатқан үй тез білінуі мүмкін. Биыл СҚО-ға тағы 773 отбасы келеді деген жоспар бар. Бұл - шамамен 2556 адам.

«Қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың квотасы өңірдегі еңбек нарығының ахуалына және жұмыс берушілердің сұранысына, әлеуметтік инфрақұрылымға байланысты бекітіледі. Бүгінгі күні квота толықтай орындалды. Барлық өңірлер қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау бойынша жағдай жасауда, көшуге және тұрғын үй жалдап алуға субсидия төленеді», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Руслан Тілеубаев.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылы аяқталды. Жоба жүзеге асқан жылдары тек Солтүстік қазақстан облысына 2960 отбасы қоныс аударған. Енді биылдан бастап, халықты көшіру «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев СҚО-ға қоныс аударушыларға берілген тұрғын үйлердің сапасына қатысты азаматтардан көп шағым түсіп жатқанына назар аудартып, жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өткен.

Былтыр сенатор Әлімжан Құртаев та еліміздің оңтүстік өлкесінің тұрғындарын солтүстік аймаққа қоныстандыру жөніндегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асу барысын сынға алды. Құртаевтың пікірінше, әкімдіктер көбінесе қоныс аударушыларға өмір сүру мен еңбек етуге лайықты жағдай жасамай отыр.