Мемлекеттік айыптаушы Хаменова және Рысқалиевті 7 жылға, Адамовты 4 жылға соттауды сұрады
Атырау қаласының №2 сотында облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, облыстың мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевке және «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты істе тараптардың жарыссөзі өтті. Мемлекеттік айыптаушы соттан Хаменова және Рысқалиевті 7 жылға, Адамовты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылар және олардың адвокаттары прокурордың келтірген дәлелі және уәжімен, сонымен қатар сұраған жаза мерзіміне мүлде келіспеді. Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев прокурор келтірген сотқа дейінгі тергеу кезінде алынған дәлелдерді негізсіз деп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлерінің кей әрекетін қылмыстық құқықбұзушылық деп санайтынын жеткізді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қызметкерлері сотта жалған куәлік берді деп есептейді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Прокурордың өз сөзінде келтіріп өткен мән-жайлардың біріне тоқталайын. Мемлекеттік айыптаушының 2021 жылдың 9 желтоқсанында (Өміртай) Адамов Атырауға келіп, сол күні кешке (Ақылбек) Рысқалиевпен кешкі ас ішіп, жалдамалы пәтерге барғанын және Адамов Рысқалиевке 4,5 миллион теңге бергенін, осыдан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері арнайы жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде бірден екеуін ұстағанын келтірді. Осы тұста еске салайын, ҚР Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша («адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен пара алу») ұстау шаралары қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілгеннен кейін жүргізілген, - дейді Вранчев.
Осылайша Игорь Вранчев арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары заңсыз жүргізілгенін жеткізді.
Ол 145 миллион теңгеге «Абай» ескерткішін орнату туралы келісімшартқа қатысты шешім мәденит министрлігі деңгейінде қабылданғанын айтты.
Бұған қатысты шешім 2018-2019 жылдары қабылданған, ал Хаменова 2021 жылдың наурызында облыс әкімі орынбасары лауазымына тағайындалған. (...) Сот тергеуі кезінде Адамов 2019 жылы ақпанда Рысқалиевке «рахметін» білдіргісі келгені ақшаны беру кезінде түсірілген бейнежазбада да көрінеді. Онда Хаменова туралы бір де бір сөз жоқ, - деді Вранчев.
Ол сот тергеуінде бұл іс бойынша Антикор қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуі кезінде заңсыз ұстау, қылмыстық сот өндірісінің сотқа дейінгі тергеу ісін жүргізушілердің дәлелдерді қолдан жасау, жалған куәлік беруге мәжбүрлеу секілді заңсыз әрекетке барғанын алға тартты.
Сөзінің соңында ол судьядан Хаменованы ақтап, қылмыстық-процессуалдық заңнаманың, Хаменованың, Рысқалиевтің, Адамовтың құқығы бұзылғанын ескеріп, Антикордың орталық аппараты қызметкерлерінің сотқа дейінгі тергеу кезіндегі заңсыз әрекетіне назар аударуды және осы жөнінде жеке қаулы шығаруды сұрады.
Ал Бақытгүл Хаменова мінберге шығып, қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат сұрады.
Өміртай Олжанұлы, Ақылбек Аманбайұлы, сүріндіңіздер. Еркек болсаңыздар да қара бастарыңызды құтқару үшін әйел заты, мені іле кетіп, жала жаптыңыздар. 11 ай дегенде райларыңыздан қайттыңызар...Бұл фантастикалық қылмыстық істе менің аты-жөнімнің аталуы қисынға келмейтін, санаға сыймайтын зор қателік деуге болады, – деді Хаменова.
Ол өзінің адвокаты келтірген уәждермен толық келісетінін айтты.
АДАМОВТЫҢ АДВОКАТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ
«Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовтың адвокаты Марат Әзмағамбетов те жарыссөзде сөйледі. Оның айтуынша, 2020 жылы пандемияның кесірінен бюджеттен осы жобаға бөлінген қаржы кері қайтарылған. Сол сәтте Адамов жұмысты тоқтатқысы келген, алайда жұмыстың көп бөлігі сол уақытта аяқталған.
«Бірақ Рысқалиев Адамовқа ескерткішті әзілеу жұмысын жалғастырып, кейінірек бюджеттен ақша бөлінетінін айтты. Адамов жұмысын өз ақшасына жалғастырды. Несие алып, бір ұлының көлігін, тағы бір ұлының үйін сатты. Құрылыс материалдарын және қоланы қазақстандық, ресейлік фирмалардан қарызға алды. Жұмысшылар алдында қарыз болды. Қазір Адамовтың «Балқыту» ЖШС мекемесінің есепшоты бұғаттаулы. Оның салық, жалақыға қатысты қарызы бар. (...) Адамов 2021 жылдың 9 желтоқсанында (Рысқалиевке) 4,5 миллион теңге беріп, бәрі қымбаттап кеткендіктен басқа ақша жоқ екенін айтты. Рысқалиев бұған келісіп, ақшаны үнсіз алды. Ол ақшаны беру кезінде Рысқалиев облыстық мәдениет басқармасының басшысы болды. Ол келісімшартты жасақтау бойынша мәселені шешпейді, мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасақтау қалалық мәдениет бөлімі басшысының міндетіне кірген», – деді адвокат Әзмағамбетов.
Ол Адамовтың Рысқалиевты жеке танығандықтан, оған сенім артып, қызметтік жағдайын ескеріп, ақша беру арқылы жұмысының жүруіне ықпал етеді деп ойлағанын жеткізді.
Рысқалиев Адамовқа бұл туралы ешкім білмейтін болсын деп айтып, кейін жұмыс реттеліп, бұл сұраққа қайта келетінін, ескерткіш бойынша тағы да жобалар болатынын айтқан. Барлық ақша алуға қатысты келіссөздер Хаменованың қатысуынсыз тек екеуі арасында жүргізілген, - деді Әзмағамбетов.
Ал Адамов пара бергенін емес, пара беруге оқталғанын мойындап, судьядан істі осы бап бойынша қайта саралауды сұрады. Ол өзінің отбасы және денсаулық жағдайын да ескеруді сұрады. Отбасында жалғыз асыраушы екенін айтып, саңырау әрі мылқау (глухонемые) екі ұлы бар екенін, келіндері мен немерелері барын ескеріп, оларды асырап отырғанын ескеруді сұрады.
Ақылбек Рысқалиевтің адвокаты Нұрлан Жолболов Адамовтың адвокаттарымен келіспеді және оларға ескерту жасады.