×

Дариға Назарбаева Мәжілістен кететінін мәлімдеді

Ол Қаңтар оқиғасынан кейін Мәжілістің бірде-бір отырысына қатысқан жоқ

 Айнұр Шошаева 25.02.2022 | 09:24
коллаж: Halyq Uni

Дариға Назарбаева Мәжілістен кететінін мәлімдеді,деп хабарлайды Zakon.kz.

«Бүгін мен Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігімді тоқтатып, әлеуметтік-гуманитарлық, мәдени-қайырымдылық шараларға толықтай жұмылу туралы шешім қабылдадым.

Nur Otan партиясына дауыс берген Қазақстан халқына, маған сенім артқан партияластарыма, ел басшылығына алғыс айтамын», - деді Дариға Назарбаева.

Ол қайғылы қаңтар оқиғасы туралы айта келе, ел мүддесіне қызмет ететінін, ол үшін лаузым қажет емес екенін айтты.

«Отанымыздың бүгіні мен болашағы үшін, оның ұлттық егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау үшін, бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін қоғамның бірлігі мен ынтымағын паш етуіміз керек. Мен еліме, оның мүддесіне қызмет ете беремін. Ал бұл үшін лауазым қажет емес», - деген Дариға Назарбаева.

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі Дариға Назарбаеваның депутаттық мандатын тапсырғаны туралы ақпарат бойынша пікір білдіріп, депутаттың өтініші туралы ешқандай ақпарат жоғын айтты.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева еңбек демалысында және коронавирустан кейін оңалту курсын алып жатқаны айтылған еді. Бұл ақпаратты депутаттың көмекшісі Жанна Ермакова растаған болатын.

Бұған дейін «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының баспасөз мәслихатында Айдос Сарым «Дариға Назарбаева отставкаға кетуге тиіс» деген мәлімдеме жасады.

«Мен қалыптасқан жағдайда ол (Дариға Назарбаева) азамат ретінде отставкаға кетуге тиіс деп санаймын. Менің ойымша, бұл дұрыс болар еді», - деді депутат.

Дариға Назарбаева неге отставкаға кетуі керек деген сұраққа Айдос Сарым Қаңтар оқиғасы оның есімімен тікелей байланысты деп жауап берді.

«Халықтың наразылығына жауап беру керек. Бүкіл әлемде бұл саяси тұрғыдан, яғни отставкаға кету арқылы жүзеге асырылады. Қалыпты әлемдік тәжірибе. Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты емес адамдардың да отставкаға кеткенін көрдік. Бұл қоғамның әлеуетін ашып, басқаларға жол беру үшін жасалды», - деді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама