Ақсу өзенінде үнді студентпен шатастырылған әйелді кім өлтіргені анықталды

Динара Амантай

Күдікті өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді

Фото: видеодан скриншот

Ақсу өзенінен табылған әйелдің өлімі туралы тың деректер ашылды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еске сала кетсек, 10 қазанда Төлеби ауданының полиция бөліміне Ақсу өзенінен мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын. Оқиға орнына полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер қаза тапқан адамның жеке басын анықтады. Ол Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты.

Сондай-ақ Шымкент қаласы ПД Еңбекші аудандық ПБ-ға әпкесінің хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша туыстары арызданғаны белгілі болды.

Аталған жайт бойынша ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігімен («Адам өлтіру») қылмыстық іс тіркелді және сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер осы қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің көршісі болған Төлеби ауданының тұрғынын ұстады.

Белгілі болғандай, күдіктінің бұл қылмысқа баруына ақшалай қарыз себеп болған. Қарызды қайтармау үшін күдікті көршісінен құтылуға шешім қабылдап, алдау арқылы жәбірленушіні Ақсу өзеніне апарып, жартастан итеріп жіберген. Алған жарақат салдарынан әйел қылмыс орнында қаза тапқан.

Қазір күдікті өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.