Хаменова ісі: прокурор екі айыпталушыны сот залында қамауға алуды сұрады
Хаменоваға қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөзі өтті
Атырау қаласының №2 сотында мемлекеттік айыптаушы облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевті жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокурор Лаура Асанова Рысқалиевті сот залынан қамауға алуды сұрады.
Рысқалиевке қатысты үйқамаққа алу туралы бұлтартпау шарасын өзгертіліп, сот залында қамауға алынсын, - деді прокурор.
Іс бойынша айыпталушылардың бірі «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовты прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Лаура Асанова Адамовты да сот залында қамауға алуды сұрады. Оған қатысты енгізілген үйқамаққа алу туралы бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланды.
Сондай-ақ Хаменованың 14 жасқа толмаған баласының бар екенін ескеріп, жазасын үш жылдан кейін өтеуін сұрады. Ол уақытқа дейін пробациялық бақылау қоюды, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Хаменованы қамауда ұстау туралы шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.