14 өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды
Елдің басым бөлігінде жел соғып, күн суытады
Бүгін, 31 қазанда ауа райының бұзылуына байланысты 14 өңірде ескерту жарияланды деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Түнде және таңертең Жетісу облысының таулы аудандарына тұман түседі. Оңтүстік-батыстан жел соғып, солтүстік-шығыста оның екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.
Қызылорда облысында оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз өңірдің батысында, орталығында оның күші 15-20 м/с-ке жетеді.
Астанада көктайғақ болады. Түнде және таңертең Маңғыстау облысының батысында, орталығында тұман болады деген болжам бар. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың солтүстік-шығысында оның күші 15-20 м/с болады.
Батыс Қазақстан облысында оңтүстік-батыстан жел соғады. Түнде басым бөлігінде, күндіз облыстың шығысында, оңтүстік шығысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады.
Түнде және таңертең Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығысына тұман түседі. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, күндіз облыстың батысында екпіні 15-20 м/с-ті құрайды.
Атырау облысының басым бөлігінде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с-ке жетеді. Түнде Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында көктайғақ, бұрқасын болуы ықтимал. Оңтүстіктен, онтүстік-батыстан жел соғып, облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында желдің екпіні 15-20 м/с-ке жетеді.
Түнде Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында, күндіз облыстың шығысында, батысында көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігіне тұман түседі. Күндіз облыстың батысында желдің күші 15-20 м/с-ке барады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ болады деген болжам бар. Жел оңтүстік-шығыстан, оңтүстіктен соғады. Облыстың солтүстігінде, орталығында, шығысында оның екпіні 23 м/с-ке жетуі мүмкін.
Абай облысының солтүстігінде, батысында тұман, көктайғақ болады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел оңтүстік-батысқа ауысады. Облыстың солтүстігінде, батысында, орталығында күші 23 м/с-ке жетеді.
Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Оңтүстіктен жел соғады, түнде батысында, күндіз басым бөлігінде екпіні 15-20 м/с-ті құрайды.
Павлодар облысының оңтүстігінде, шығысында көктайғақ болады деп күтілуде.
Түнде және таңертең Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман болады деген болжам бар. Оңтүстік-батыстан соғатын жел оңтүстік-шығыс желіне ауысады. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында оның жылдамдығы 15-20 м/с болады.