×

«Қыста қайдан жұмыс табамыз?». Павлодардағы құс фабрикасы жабылып, 200-ге жуық адам жұмыссыз қалды

Тұрғындар әкімдік ұсынған жұмыс орнын алыссынып отыр

 Данияр Айтпайұлы 24.02.2022 | 17:45
фото: Halyq Uni

Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылында жылына 4,5 мың тонна шамасында тауық етін өндіріп келген «Қызылжар құс» кәсіпорыны жабылды. Салдарынан ауылдың екі жүзге жуық тұрғыны жұмыссыз қалды.

Бұл кәсіпорын 2014 жылы 3,6 млрд теңге инвестиция құйылып, қайта жаңғыртудан өткен болатын. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіліп, мемлекеттен миллиондап көмек алған. Былтырдың өзінде кәсіпорынға 140 млн теңге демеушілік қаржы бөлінген. Бірақ құс фабрикасы тағы да қиын жағдайда тұр. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, құрал жабдықтардың тоз-тозы шыққан.

«Құс фабрикасын толықтай қайта жаңарту керек. Құс ұстайтын тоғыз орын бар. 10 жыл жұмыс істеді. Бұл жердегі құрылғылар ескірген. Қосалқы бөлшектер сатып алу қажет. Құс сою, жемдеу цехтары тозды. Қысқасы, барлығына да күрделі жөндеу қажет», - дейді құс фабрикасының директоры Рустам Нұртазинов.

Кәсіпорында Қызылжар ауылының екі жүзге жуық тұрғыны еңбек ететін еді. Олардың барлығымен еңбек шарты бұзылды. Бір күнде жұмыссыз қалған жергілікті жұртшылықтың көңілі күпті. Барлығы кәсіпорыннан алған азын-аулақ жалақысымен жан бағып, отбасын асырап отырғанын айтады.

Қақаған қыста қайда барып нәпақа табамыз?! Бәріміздің бас-басымызда несие бар. Бір үйден үш кісі осы фабрикада жұмыс істейтін отбасылар бар, - дейді ауыл тұрғындары.

Әкімдіктегілер табыссыз қалған ауыл тұрғындарына 45-50 шақырым қашықтықта орналасқан Ақсу қаласынан қара жұмыс ұсыныпты. Алайда, жергілікті тұрғында оған күнделікті қатынайтын көлігі жоғын алға тартады.

«Ұсынған жұмысына барып, істеп көрдік. Жұмыс уақыты кешкі тоғызға дейін екен. Ауыл мен қала ортасы алыс. Күнделікті қатынау қиын», - дейді Қызылжар ауылының тұрғыны Алтынай Кенжебаева.

Қазір жұмыспен қамту басқармасының қызметкерлері табыссыз қалған қызылжарлықтарды есепке алып жатыр.

«Қырық адамға жұмысқа жолдама берілді. 114 адам жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелді және оларға жұмысты тоқтату бойынша жәрдемақы төленіп жатыр», - дейді Павлодар облыстық жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Бегежанов.

Нысанды қайта жабдықтау үшін шамамен 1 млрд теңгеден артық қаражат пен 1 жылға жуық уақыт қажет екен. Фабрика басшылары тағы да мемлекет қолдауынан үмітті екенін жасырмады. Жергілікті билік «Қызылжар құс» фабрикасының тірлігіне араласпайтынын айтады.

Павлодар облысы халқының құс етіне деген жылдық сұранысы - 12 мың тонна. Оның 36 пайызын жергілікті құс фабрикалары жауып тұрған.

Еске салайық, Қазақстанда 2020 жылы құс тұмауы салдарынан 1,9 миллион құс арам өлген. Бұл сол кездегі Қазақстандағы жалпы құс санының 4,2%-ін құрайды (45 миллион бас құс). Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап қараша айына дейін жеке аулаларда және құс фабрикаларында құс тұмауының таралуы Қазақстанда жұмыртқа өндірісінің төмендеуіне негізгі фактор болды. Салдарынан 35 кәсіпорынның бесеуінде қазір жұмыртқа өндірісі толық тоқтатылды.

Алайда, Ақсудағы «Қызылжар-Құс» фабрикасына індет (құс тұмауы) кезінде айтарлықтай шығынға батқан жоқ.

Былтыр жыл соңында Солтүстік Қазақстанда жұмыртқа өндірумен айналысатын құс фабрикаларының иелері бірнеше айдан бері мемлекет тарапынан төленетін субсидияға қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Бұған дейін әр жұмыртқа үшін төленіп келген 2,5 теңге 1,5 теңгеге азайтылған еді. Ал, келер жылдан бастап субсидия төлеу мүлде тоқтатылмақ. Сондықтан «Қызылжар-Құс» фабрикасының болашағы туралы айтудың өзі қиынға соқпақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама