Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есебімен Қазақстан балуандары жеңіске жетіп, "Turan Barysy" додасының жеңімпазы атанды.
Түркістан қаласындағы Olympic center спорт сарайында алғаш рет қазақ күресінен Turan barysy Азия кубогы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған командаға 10 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындалды.
Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысып, өзара мықтыларын анықтады. Сайыстың ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысушыларды құттықтады.
Дүбірлі сында балуандар екі топқа бөлініп, айналмалы жүйеде күресті. Екі топтан іріктелген Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан құрама командалары жүлделі орындарға таласты. Әзербайжан елінің балуандарын қапы қалдырған қырғыз өрендері қола жүлдені иеленді.
Ал тартысқа толы күрес бәсекесінің ақтық айқасы Қазақстан құрамасы мен Өзбекстан елінің балуандары арасында өтті. Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есебімен Қазақстан балуандары жеңіске жетіп, Turan Barysy додасының жеңімпазы атанды.
Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған команда 10 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, екінші орынға — 6 000 000, үшінші орынға — 4 000 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігі, сондай-ақ, Qazaq kuresi ассоциациясы, Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтті. Турнирдің бас серіктестері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ және «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».