Мефедрон өткізумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Топ 4 адамнан тұрған
29 қазан күні «Бүркіт» жауынгерлерін тарта отырып, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Көліктегі полиция департаменті Тергеу басқармасының қызметкерлері Астана мен Алматыда ұзақ уақыт бойы «мефедрон» психотроптық заттарын дайындаумен және таратумен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Топ 4 адамнан тұрған, деп хабардайды POLISIA.KZ телеграм арнасы.
Тексеру кезінде күдіктілердің психотроптық заттарды Алматыдан Астанаға жеке тасымалдаушылар арқылы автомобильдердің қосалқы бөлшектеріне жасырып тасымалдағаны анықталды.
Алматыда көлік полицейлері гараж ретінде жасырынған зертхананы анықтады, онда психотроптық заттарды дайындауға арналған 26-дан астам жабдық, есірткіні дайындауға арналған 500 литр химиялық концентрат, сондай-ақ 1 келіден астам дайын психотроптық зат табылды.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабымен тергеу жүргізілуде. Ұсталғандар кінәсін мойындады, олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп атап өтті Көліктегі ПД бастығы Оңал Бекиев.